Дрон, робот, ғарыш технологиясы: Қазақстан әскеріне қандай реформа қажет

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Дрон, робот, ғарыш технологиясы және жаңаша ойлау жүйесі Қазақстан әскерінің негізі болуға тиіс.

Әскери сарапшылар Kursiv.Media-ға заманауи армияның келбеті мен қорғаныс саласындағы реформалар туралы пікір білдірді.   

Амангелді Құрметұлы Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдердің көпшілігі, тіпті әлем елдерінің дені соңғы бес жылдықтағы өзгерістерге ілесе алмай жатқанын алға тартып отыр.

«Бізде әлі де сүйреп жүретін артиллерия көп»

«Украина мен Ресей арасындағы соғыста әскердің қалай өзгергенін бірден байқадық. 2020 жылғы Қарабақ соғысында да заманауи әскер өзгеріп кеткенін көрдік. Расында да біздегі жаттығулар әлі бұрынғы ережелермен жасалып жатыр. Техниканың көбі ескірген. БТР-ден бастап тікұшақтарға дейінгі мәселелер бар. Бізде әлі де сүйреп жүретін артиллерия көп. Ескі дүние, ескі көзқарас бар екені рас», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстанның әскери доктринасы 2017 жылы қабылданған. Ол құжаттың көптеген элементтері Ресейдің доктринасына ұқсайды.

«Армия моральдық, жарақтандыру, әдіс-айла тұрғысында өткен ғасырда қалып қойды деуге толық негіз бар. Кешегі Маңғыстаудағы жаттығу кезінде алдымен сүңгуір роботтарды түсіретін болсақ, азаматтарымыз аман қалар ма еді? Мәселен, өткен аптада Украина роботтардан десант түсірді де, майданда сынап көрді. Оған бірде-бір сарбаз қатысқан жоқ. Мұның өзі әскерге деген көзқарастың күн санап өзгеріп жатқанын көрсетеді», – деді Амангелді Құрметұлы.

«Ғарыштан барлау – заманауи әскердің күнделікті құралы»

Оның пікірінше, заманауи соғыста әскердегі шешуші рөлді дрондар ойнап жатыр. Сонымен қатар, роботтардың да маңызы артып келеді. Пулемет немесе танкке қарсы жүйе орнатылған роботтар да майданға араласа бастаған.

«Ғарыш технологиясы заманауи әскердің құрамдас бөлігіне айналып келеді. Starlink-тің өзі Украинада қаншалық рөл атқарғанын көріп отырмыз. Сондықтан Ресей де оған балама жер серіктерін дайындап жатыр. Ғарыштан барлау жасау тәрізді көптеген амал-айла  заманауи әскердің күнделікті құралына айналып кеткен», – дейді сарапшы.

Сарапшының пайымдауынша, Таяу Шығыстағы соғыс заманауи әскерде зымырандардың рөлі әлі де азаймаған. Авиацияның да айрықша рөлі жойыла қоймаған. Сондықтан әскерге реформа жасаларда жан-жақты зерттеулер жасалуға тиіс.

«Көзқарас өзгеруге тиіс»

Сарапшы Аман Мәмбетәлиевтың пікірінше, әскер тек мерзімді әскери қызмет емес, үлкен жүйе. Оның ішінде көп үдеріс бар.

«КСРО дәуірінен бері сол үдерістердің біразы өзгермей жатыр. Ең алдымен сана-сезім мен көзқарас. Каспийдегі трагедияның себебі, реакциясы, президент айтқандай, өткен ғасырдың әскері екенін дәлелдеп отыр. Ол кезде әр сарбаз ресурс ретінде қаралды. Мұндай көзқараспен алысқа бара алмаймыз. Бізде әскерде үдерістер жүріп жатыр. Бірақ бізге фундаментальды реформа қажет», – дейді сарапшы.

Аман Мәмбетәлиевтің айтуынша, қорғаныс саласында ең алдымен сана-сезіммен жұмыс жасау керек. Модернизация жасалуға тиіс.

«Ойлау модернизациясы болмаса, қалғаны өзгермейді. Әскери қызметтегі көзқарасты ауыстыру қажет. Бұл бір күнде өзгере салатын нәрсе емес. Өзгеріс өте баяу жүріп жатыр. Бұған қоғам да, жоғары жақ та разы емес. Қазақстанға сай келетін қандай реформа керек екенін мамандар зерттеуі керек», – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде қорғаныс саласына түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталған болатын. Президент «біздің армия өткен ғасырда қалып қойған» деп баға берді. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек екенін алға тартқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз