Атырауда қала күніне арналған барлық мерекелік шара тоқтатылды

Атырауда қала күніне орай жоспарланған барлық мерекелік іс-шара өтпейтін болды. Бұған Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы себеп болды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ұлттық аза тұтуға байланысты қалада барлық бұқаралық іс-шара тоқтатылды. Атырау әкімдігі Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайдан қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қазақстанда ұлттық аза тұту жарияланды. Осыған байланысты қала күніне арналған барлық мерекелік іс-шара тоқтатылады», – деп хабарлады әкімдік.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен болатын. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.