Кітап оқу марафоны: үздік 10 оқырманға 10 млн теңгеден беріледі

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 19:56

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Кітап оқу марафоны: үздік 10 оқырманға 10 млн теңгеден беріледі / Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы өтіп жатыр. Жоба 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталған, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Былтыр үш өңірде пилоттық түрде өткен марафонға 190 мыңға жуық адам қатысса, биыл жоба еліміздің барлық өңірін қамтиды. Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер және отбасылар бар.

Марафонға қатысу тегін. Қатысушыларға отандық және әлем әдебиетінен 345 шығармадан тұратын тізім ұсынылған. Әр адам өз санаты бойынша 15 кітап оқуы керек.

Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Өңірлік кезеңде шамамен 4 мың жүлдегер анықталып, олардың арасынан 200 қатысушы республикалық финалға өтеді.

Финалда қатысушылар сұхбаттасып, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Олар шығармаларды қаншалықты меңгергені және әдеби туындыларды талдау қабілеті бойынша бағаланады.

Жоба қорытындысында 10 үздік оқырман анықталып, әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағы және 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз