Қазақстан Аустрияға экспорт көлемін 637,5 млн долларға арттырмақ

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстан Австрияға экспорт көлемін 637,5 млн долларға арттырмақ
экспорт / фото: gemini AI

Қазақстан Аустрияға өңделген өнім экспортын 637,5 млн долларға арттыруды жоспарлап отыр. Мұндай әлеует металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және машина жасау бағыттары бойынша 100 тауар позициясын қамтиды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астанада Сауда вице-министрі Айдар Әбілдабеков пен «Қазақстан – Аустрия» парламенттік достық тобының төрағасы Маркус Хофер арасында маңызды кездесу өтті.

Жиынның негізгі тақырыбы – екіжақты сауда әлеуетін нақты келісімшарттарға, инвестицияларға және логистикалық жобаларға айналдыру.

Қазақстан аустриялық нарыққа 100 тауар позициясы бойынша дайын әрі өңделген өнімдер жеткізуді кеңейтуге дайын. Сауда көлемін ұлғайтудың негізгі мүмкіндіктері мына бағыттарды қамтиды:

  • 326,6 млн доллар – металлургия өнімдері;
  • 139,6 млн доллар – мұнай-химия саласының өнімдері;
  • шамамен 97 млн доллар – тамақ өнеркәсібі тауарлары.

Бұдан бөлек, еліміз Еуропа нарығына астық, ұн, ет, құс еті, балық, бал, зығыр тұқымы мен органикалық өнімдер экспортын арттыруға мүдделі.

Өз кезегінде аустриялық тарап қазақстандық өсімдік майын сатып алуға, сондай-ақ астық өңдеу, жасанды интеллект және шикізатты терең өңдеу салаларында серіктестік орнатуға ниет білдірді.

Кездесуде логистика мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар теміржол және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын көбейту үшін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін дамытуға келісті.

Айта кету керек, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 159,9 млн долларды құрап, қазақстандық экспорт 2,4 есеге (7,64 млн долларға дейін) өскен.

Келіссөздердің келесі кезеңі Венада өтетін Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің отырысында жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз