Табысы жоғары отбасылар 14 түрлі жәрдемақыдан қағылуы мүмкін

Қазақстанда кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді, бірақ ол табысы жоғары және ауқатты отбасыларға қатысты болмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған Kursiv.Media осылай деп хабарлайды.
Қазір елде жәрдемақының 39 түрі бар. Оның 14 түрі енді азаматтың нақты әлеуметтік жағдайы мен көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне қарай беріледі.
Жәрдемақы түрлері:
- бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы;
- бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төлем;
- зейнеткерлерден басқа көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
- көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
- мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы;
- I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін төлем;
- жерлеуге берілетін жәрдемақы;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларды қоспағанда, мүгедектік бойынша жәрдемақы;
- жетімдерді қоспағанда, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы;
- Тәжік-ауған шекарасында, Иракта және Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлерге берілетін төлемдер;
- қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетін жәрдемақы;
- «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағын алған азаматтарға берілетін төлем;
- «Халық қаһарманы» атағына ие болған азаматтарға берілетін төлем;
- зейнеткерлерден басқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған азаматтарға берілетін төлем.
Министрлік әр төлем жеке қаралатынын түсіндірді. Мысалы, I топтағы мүгедектігі бар адамның мүгедектік бойынша жәрдемақысы сақталады. Алайда оның отбасында бала дүниеге келсе, бала тууына байланысты төлемді тағайындау кезінде отбасының қаржылық жағдайы, табысы ескеріледі. Бірақ оны қалай есептейтіні әзірге белгісіз. Kursiv.Media осы тақырыпқа қатысты Еңбек министрлігіне сауал жолдады.
Жаңа тәртіп Отбасының цифрлық картасы бойынша тұрмысы жоғары және ауқатты деп бағаланған «А» және «В» санатындағы отбасыларға қатысты болады.
Ведомствоның мәліметінше, өзгерістің мақсаты мемлекеттік көмекті әлеуметтік тұрғыдан шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар азаматтарға қандай әлеуметтік төлемдер беріледі