Қазан мен қарашада күн әдеттегіден жылы болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстанда қазан айы әдеттегіден жылы болуы мүмкін. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, қазан айында Шығыс Қазақстан, Павлодар облысының солтүстік-шығысы және Абай облысында ғана температура нормаға жақын болады.

Қай өңірлерде жаңбыр аз жауады

Қазан айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында болады. Ал елдің батысы мен солтүстік-батысының кей бөліктерінде жауын-шашын нормадан көп, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық облыстардың оңтүстігінде, сондай-ақ Абай облысының оңтүстігінде нормадан аз болады деп күтіледі.

Қарашада да күн жылы болады

Ұзақ мерзімді болжам бойынша, қараша айы да жылы өтпек.

Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері негізінен норма шамасында күтіледі.

Биыл бірқатар өңірде құрғақшылық болды

2026 жылғы вегетациялық кезең елдің солтүстігінен басқа бірқатар астық егетін өңірлер үшін қиын болған.

Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында тіркелген.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның кей өңірлері үшін құрғақшылық климаттық норма болып саналады.

Ауа райын болжауда жаңа модель қолданылып жатыр

«Қазгидромет» биыл ауа райын болжауда жасанды интеллект элементтері бар WRF сандық моделін қолдана бастаған.

Модель ауа райын 48 сағаттан 10 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік береді.

«Бұл технологияларды пайдалану болжамдардың нақтылану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Қуантыров.

Қазгидромет болжамдарды аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері жаңартып отырады. Ақпарат облыстар мен нақты күндер бойынша нақтыланады.

Айта кетейік, бүгін, 29 қыркүйекте солтүстік, шығыс пен орталықта түнде үсік жүріп, ел аумағында тұман түседі.

Сондай-ақ оқыңыз