Бес облыста жылу осы аптаның соңына дейін қосылуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.mediа архиві

Қазақстанның бес өңірінде жылыту маусымы басталды. Ауа райына байланысты осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде, оның ішінде Астанада да жылу беріле бастайды деп күтіліп отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев үкімет жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жылыту маусымы қазір Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталған.

Астанада жылу қашан қосылады

Ауа райының көрсеткіштеріне қарай Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Абай облысында жылыту маусымын осы аптаның соңына дейін бастау жоспарланып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, энергия көздерінде қысқа дайындық үшін қажетті отын қоры мен жабдықтар әзірленген.

«Жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры мен жабдық құрамы қалыптастырылды», – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Жылу желілерінің 99%-ы дайын

Вице-министр мәлім еткендей, ел бойынша жылу желілерін жөндеу жұмыстарының жалпы орындалуы 99%-ға жетті. Жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымы дайын.

Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі толық жөнделген. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында.

Бірқатар қалада жылу беріле бастады

Петропавлда үш жылу магистралін реконструкциялау аяқталды.

Степногорскідегі әлеуметтік нысандарға жылу 25 қыркүйекте берілген. Қазір жылу желілерін тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілуде. Ішкі тарату желілерін жөндеу де аяқталып, тұтынушыларды жүйеге қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік Қазақстанда қазан айы әдеттегіден жылы болуы мүмкін. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады деп болжанып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз