Банктер онлайн кредит бермес бұрын қарыз алушыға арнайы сауалнама толтыртуға тиіс

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Банк кредит бермес бұрын сауалнама жүргізеді / Фото: shutterstock

Қазақстанда онлайн-кредит алу тәртібі өзгереді. 1 қазаннан бастап банктер әрбір қарыз алушыға 7 сұрақтан тұратын арнайы сауалнама жүргізеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Яғни екінші деңгейлі банктер, ислам банктері, шетелдік банктердің филиалдары және жекелеген банк операцияларын жүргізетін ұйымдар интернет арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыз беру кезінде қосымша тексеру жүргізуге міндеттеледі.

Банк қызметіне қойылатын талаптарға енгізілген бұл түзетулерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) азаматтардың бөтен біреулердің арбауымен кредит рәсімдеуін алдын алу мақсатында арнайы әзірлеген.

Жаңа тәртіп бойынша келісімшарт жасамас бұрын банк клиентке арнайы бекітілген нысан бойынша сауалнама жүргізеді.

Сауалнама дайын жауап нұсқалары бар жеті сұрақтан тұрады, оның ішінде қарыз алушы «Бұл кредитті рәсімдеуді сізге кім ұсынды?», «Сізге ешкім қысым жасап, кредитті тезірек рәсімдеуді талап етіп жатқан жоқ па?» және «Сондай-ақ сізге кредит алып жатқаныңызды банк қызметкерлерінен немесе жақындарыңыздан жасыруға кеңес берілді ме?» деген сияқты сұрақтарға жауап береді.

Егер сауалнама қорытындысы бойынша қаржы ұйымында клиенттің шешімді өздігінен қабылдап жатқанына күмән туындап, үшінші тұлғалардың ықпалы бар деген күдік пайда болса, банк қосымша тексеру жүргізеді және оның нәтижесі бойынша несие беруден бас тарта алады.

Бұған қоса, 1 қазаннан бастап сыртқы қайта қаржыландыру тәртібі де айтарлықтай өзгереді. Егер азамат басқа банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қарызын өтеу үшін жаңа онлайн-кредит рәсімдейтін болса, бұл қаражат клиенттің келісімімен тікелей бұрынғы кредиторға аударылады.

Осылайша, бүкіл соманы қолға алып, оны басқа мақсатқа жұмсау мүмкіндігі шектеледі.

Сонымен қатар алдағы уақытта бөліп төлеуге алынған қарыздың бәрі несие тарихында жазылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз