Үкіметтің жәрдемақысынан кімдер айырылуы мүмкін (инфографика)

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Еңбек министрлігінің жаңа өзгерісі қызу талқыланып жатыр. Министрлік ең маңызды деген 14 жәрдемақыны бұрынғыдай барлығына бірдей тағайындамайтын болды. Енді әр отбасының табысын, қаржылық жағдайын есептейді. Сөйтіп араларынан табысы жоғары, ауқатты деген отбасыны бөлек іріктеп алып, оларды кей жәрдемақыдан қағады. Kursiv.Media осы тақырыптың басын ашып, түсіндіруге тырысты.
Қандай жәрдемақы қысқарады?
Әлеуметтік желіде көпшілік министрлік «барлық жәрдемақыны алып тастайтын болды, енді төлемейді» деген сыңайдағы пікірлер жазып жатыр. Шындығында олай емес. Еңбек министрлігі жәрдемақыны түгел алып тастамайды.
Қазір елде жәрдемақының 39 түрі бар. Соның ішіндегі 14 түрін азаматтың нақты әлеуметтік жағдайы мен көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне қарай беретін болды. Яғни әр отбасының табысын, мал-мүлкін есептеп алып, соған қарап жәрдемақы беру-бермеуді шешеді.
Тізімде бала күтіміне, бала тууға берілетін, мүгедек бала асырап отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы тәрізді ең маңызды әлеуметтік төлемдер бар. Олардың толық тізімін мына жерден көре аласыздар.
Министрлік отбасыларды әл-ауқат деңгейіне қарай бөле ме?
Министрлік осыдан үш жыл бұрын «Отбасының цифрлық картасы» деген жоба бастаған еді. Сол жерде елдегі отбасылары табысына қарай бес санатқа бөлген. Соның ішіндегі әл-ауқат деңгейі «ауқатты» және «қанағаттанарлық» деп есептелетін А және В санатындағы отбасылар жәрдемақы алмайды.
Отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейі
Отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді
Табысты қандай формуламен есептейді?
Отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейі жиналған балл арқылы есептеледі. Ол үшін төмендегі сегіз критерийді негізге алады, олардың әрқайсысына балл береді.
Ескеру керек, С-Е санатындағы «-» белгісі отбасы табысы нөлден төмен екенін білдіреді. Яғни формула бойынша есептегенде табысы минусқа түсіп кетсе, осы санаттың біріне жатады.
Бұл жерде ескеру керек дүние бар. Отбасының табысына байланысты берілетін балл күнкөріс минимумына байланысты болады. Формула бойынша, сіз отбасының ресми табысын отбасы мүшелерінің санына бөлесіз. Сонда жан басына шыққандағы табыс күнкөріс минимумынан (қазір Қазақстанда төменгі күнкөріс минимумы 50 851 теңге) бірнеше есе артық болуы керек.
- жан басына шаққандағы табыс мөлшері 0-ден жоғары, бірақ кедейлік шегінен төмен болса – 40 балл;
- жан басына шаққандағы табыс 1 күнкөріс минимумынан төмен болса – 100 балл;
- жан басына шаққандағы табыс 1-ден 2 күнкөріс минимумына дейін болса – 170 балл;
- жан басына шаққандағы табыс 2-ден 3 күнкөріс минимумына дейін болса – 280 балл;
- жан басына шаққандағы табыс 3-тен 4 күнкөріс минимумына дейін болса – 400 балл;
- жан басына шаққандағы табыс 4 күнкөріс минимумы және одан жоғары болса – 620 балл беріледі.
Егер табыс мүлде болмаса 0 деген балл береді.
Мәселен, Алматыда тұратын, бес адамнан тұратын отбасыны қарастырайық. Екі ересек, кәмелетке толмаған үш бала бар. Ересектер жұмыс істейді, балалар балабақша мен мектепке барады. МӘМС жүйесіне тіркелген. Ай сайынғы табыс – 700 мың теңге. Несиесі бар. Отбасының жеке пәтері жоқ, бірақ жеңіл көлігі бар. Басқа ешқандай мал-мүлік тіркелмеген.
Табыс 700 мың теңге, оны бес адамға бөлеміз. Сонда әр жан басына 140 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі күнкөріс минимумынан (50 851 теңге) 2-3 есе көп. Сонда ол отбасына 280 деген балл береді.
| Көрсеткіш | Балл |
|---|---|
| Жан басына шаққандағы табыс | +280 |
| Несие | −50 |
| 1 көлік | 0 |
| Екі жұмыс істейтін адам | +300 |
| 3 кәмелетке толмаған бала | −150 |
| Медициналық тіркеу және МӘМС | 0 |
| Балалардың мектеп/балабақшаға баруы | 0 |
| Үйі жоқ | −200 |
| Алматыда тіркелген | +70 |
| Жалпы | 250 балл |
Министрлік ұсынған формулаға салсақ, бұл отбасына 250 балл беріледі. «С» санатына жатады, демек мемлекет берген жәрдемақыны алуға толық құқығы бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынып отырған өзгерістер бірден күшіне енбейді. 2026 жылдың бірінші қазанынан бастап ақпараттық науқан басталады. Тұрғындарға SMS-хабарландыру, Egov арқылы ақпарат жіберіледі. 2027 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа жүйе толық іске қосылады.
Толық баллды «Әділет» платформасындағы нұсқаулыққа сүйеніп есептеуге болады.
Үкімет неге мұндай өзгеріске барып отыр?
Еліміздің республикалық бюджетіне үңілсек, шығынның жартысы әлеуметтік салаға бағытталған. Яғни мемлекет тапқан табысының жартысынан көбін мектеп пен аурухана салуға, жәрдемақы, жалақы төлеуге жұмсайды. Биыл үкімет тек әлеуметтік төлемдерге 6, 7 трлн теңге жұмсағалы отыр. Бұл үкімет үшін шығын деп есептеледі және шығын жыл сайын артып жатыр.
Енді үкімет осы мәселені реттегісі келеді, сол үшін әлеуметтік саясатты өзгертіп жатыр. Биыл жазда үкіметте өткен отырыста бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан еді. Оның түсіндіруінше, әлеуметтік жәрдемақы енді барлығына бірдей емес, тек қажет, мұқтаж деген адамдарға ғана жіберілмек. Ал үнемделген ақшаны халыққа басқа жолмен, білім беру, медицина тәрізді салалар арқылы қайтарамыз деп уәде беріп отыр.