Субсидия азайып, жеңілдетілген несие көбейді: фермерлер не ұтады

Ауыл шаруашылығындағы субсидия көлемі біртіндеп қысқарып, оның орнына жеңілдетілген несие беруге басымдық беріліп жатыр. Бұл өзгеріс фермерлер үшін тиімді бола ма, әлде олардың шығыны мен қарызын көбейте ме? Осы сұрақты «Курсив» тілшісі үкіметтегі брифинг кезінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинге қойды.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйеде фермерлер үшін несиені арзандатуға және қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған бірнеше тетік қарастырылған. Биыл субсидиялауға жалпы 113,7 млрд теңге бөлінген. Ал қазіргі уақытта мал шаруашылығы бойынша фермерлердің 33,6 млрд теңге көлемінде қарызы бар.
Мемлекет несие мөлшерлемесін төмендетеді
Бұрын коммерциялық несие 16% мөлшерлемемен берілсе, оның 6%-ын фермер төлеуі керек болған. Қалған бөлігін мемлекет субсидиялауы тиіс еді.
«Несиені 16 пайызбен алады, оның 6 пайызын фермер төлесе, қалған бөлігін үкімет беруі керек еді. Фермерлердің қазір 112 млрд теңге қарызы бар», – деді Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, фермерлердің қарыз жүктемесін көбейтпеу үшін қазір мемлекет 5-6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ұсынып жатыр.
«Даму» қоры 85%-ға дейін кепілдік береді
Несие алуға қажетті кепілзаты жоқ шаруалар үшін де жеңілдік қарастырылған. Вице-министрдің айтуынша, «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік бере алады. Яғни фермерге бұрынғыдай үлкен көлемде кепілзатты өз бетінше іздеудің қажеті азаяды.
Мал сатып алатындарға бастапқы жарна бойынша жеңілдік
Мал сатып алатын шаруалар үшін де талап өзгерген. Министрлік өкілінің айтуынша, шетелден әкелінетін малға берілетін субсидияны бастапқы жарнаны жабуға пайдалануға болады.
«Мал алатын адам өзінің бірінші салатын ақшасын, төлейтін ақшасын қазір төлемейді. Сырттан келетін малдың субсидиясы бастапқы жарнасын жабатын болды», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, бұл фермердің бастапқы шығынын азайтады.
Министрлік мұны фермерлерге тиімді деп санайды
Азат Сұлтанов жаңа жүйе шаруаларға бірнеше жағынан жеңілдік береді деп есептейді. Оның ішінде төмен пайыздық несие, мемлекеттік кепілдік және бастапқы жарнаны субсидия есебінен жабу мүмкіндігі бар.
«Бұрынғыдай кепілдік іздемейсің, басқа құжаттардың санын көбейтпейсің. Сондықтан бұл тиімді. Шаруашылықтар мұны жақсы қабылдап, тиімді деп жатыр», – деді ол.
Еске салайық, шаруаларға арналған «Кең дала 2» бағдарламасына өтінімдер 1 қазанда басталады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алған қаражатты жаңа маусымға дайындыққа, соның ішінде қажетті ресурстарды сатып алуға, техниканы жөндеуге және негізгі шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.