Елде 4 млрд теңгеге астық өңдейтін алты кәсіпорын салынады

Қазақстан астықты терең өңдеу бойынша әлемнің үздік он елінің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. 2029 жылға қарай республикада жалпы құны 4 млрд доллар болатын алты ірі инвестициялық жоба іске қосылады. Көксу және Тараз қант зауыттарын жаңғырту аяқталады. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығару маңызды бағыттардың бірі.
«2029 жылға дейін жалпы құны 4 млрд долларды құрайтын, қуаттылығы 5,8 млн тонна болатын астықты терең өңдейтін алты ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Оның ішінде 2026 жылы жүгеріні терең өңдеу бойынша екі жоба пайдалануға берілді. Ол Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» компаниясының жобасы және Жамбыл облысындағы Fufeng Group компаниясының жобасы», – деді ол.
Азат Сұлтанов қант қызылшасын өңдеу саласында да бөлек жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Екі зауытты жаңғырту аяқталды, бұл отандық шикізаттан қант өндіруді арттыруға мүмкіндік береді.
«Көксу қант зауыты өңдеу қуатын тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасына дейін арттырады. Жамбыл облысындағы Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна шикізат өңдейтін қант қызылшасын өңдеу желісі іске қосылуда. Екі жоба бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 22,4 млрд теңгені құрайды. Зауыттарды іске қосу және өнімді қабылдауды бастау 2026 жылдың қазан айына жоспарланған», – деп атап өтті ол.
Биыл 23 млн тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр. Диқандар егістік алқаптарының 83%-ын жинап үлгерді. 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды.