Елдос Сметов Азия ойындарының күміс жүлдегерін жеңді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Olympic.kz

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Аичи–Нагоядағы ХХ жазғы Азия ойындарындағы алғашқы белдесуін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

60 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан қазақстандық дзюдошы алғашқы кездесуінде Оңтүстік Корея өкілі Ли Хариммен белдесті. Сметов қарсыласын иппонмен жеңіп, жарыстың келесі кезеңіне өтті.

Айта кетейік, иппон – дзюдодағы ең жоғары баға. Иппон тіркелген сәтте белдесу бірден аяқталып, оны орындаған дзюдошы жеңімпаз атанады.

Ли Харим – әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, 2023 жылғы World Masters жеңімпазы және Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Сондықтан жеребе шыққан кезде Сметовтің алғашқы белдесуі жарыстың күрделі кездесулерінің бірі ретінде бағаланған еді. 

Елдос Сметов екінші қарсыласын да мерзімінен бұрын жеңіп, Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Қазақстандық дзюдошы ширек финалда Моңғолия өкілі Ариунболд Энхтайванмен белдесті. Сметов екінші қарсыласын да иппонмен жеңіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

Осылайша Елдос Азия ойындарындағы алғашқы екі белдесуін де иппонмен аяқтап отыр.

Енді Сметов жартылай финалда финал жолдамасы үшін күреседі. 60 келідегі шешуші белдесулер бүгін өтеді.

34 жастағы Елдос Сметов Аичи–Нагоядағы Азия ойындарына Париж Олимпиадасының қазіргі чемпионы ретінде қатысып отыр. Олимпиададан кейін ол халықаралық жарыстарда ұзақ уақыт өнер көрсетпей, биыл маусымда Циндао Гран-приінде татамиге қайта оралған. Ол турнирде бесінші орын алды.

Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова да жартылай финалға шықты.

Сондай-ақ оқыңыз