Психотроптық заттары бар 28 мыңға жуық дәрінің айналымына шектеу қойылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда психотроптық және күшті әсер ететін заттары бар 28 мыңға жуық дәрінің айналымы шектелді. Бұл заңсыз дәрі-дәрмек айналымына қарсы жүргізілген «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталды.

Іс-шараны Ішкі істер министрлігі денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп 21-25 қыркүйек аралығында өткізді.

Осы кезеңде 1,5 мыңнан астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өндірістік кәсіпорын тексерілді.

«Нәтижесінде 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, құрамында есірткі заттары бар шамамен 28 мың дәрілік препараттың айналымы шектелді», – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Дәрілерді рецептсіз сатуға бақылау күшейтілді

ІІМ мәліметінше, мұндай препараттарды дәрігердің рецептісіз сатуға, соның ішінде кәмелетке толмағандарға беруге ерекше назар аударылып отыр.

Психотроптық және күшті әсер ететін заттары бар дәрілер тек дәрігердің тағайындауымен берілуі тиіс.

Мұндай препараттарды бақылаусыз қолдану денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, соның ішінде артық дозалануға әкелуі мүмкін.

Еске салайық, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен алып тастау жалғасып жатыр. Реттелетін дәрілер тізімінен 1,2 мыңнан астам позиция алынып, олардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқарды. 

Сондай-ақ оқыңыз