Алматыда әкімдік берген 172 пәтер заңсыз жалға беріліп келген

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Алматыда әкімдік берген 172 пәтер басқа адамдарға заңсыз үлестірілгені анықталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері мамандар коммуналдық тұрғын үй қорындағы 3 125 пәтерді тексерген. Мониторинг Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында жүргізілген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

114 пәтер босатылды

Тексеру нәтижесінде 172 пәтерде заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде 114 пәтер босатылды, тағы 58 пәтер бойынша әкімдік жалға алушыларға сотқа дейінгі талап-арыз жолдаған.

Анықталған заңбұзушылықтар арасында:

  • коммуналдық тұрғын үйді қосалқы жалға беру;
  • жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың пәтерде тұруы;
  • жалдау ақысын төлеу талаптарының бұзылуы бар.

Пәтерді басқа адамға жалға беруге болмайды

Әкімдік жергілікті атқарушы орган берген пәтерлерге жалға алушы қосалқы жалға алушыларды немесе уақытша тұратын адамдарды орналастыра алмайтынын еске салды. Мұндай тұрғын үйді басқа адамдарға жалға беру немесе үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болуы мүмкін.

Бұл талап ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 24-бабы 3-тармағында көзделген. Яғни мемлекет немесе әкімдік берген жалдамалы пәтерді алған адам оны кейін басқа адамдарға жалға бере алмайды.

Босатылған пәтерлер кімдерге беріледі

Босатылған пәтерлерде қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу аяқталғаннан кейін тұрғын үй әлеуметтік осал топтарға жататын, жалдамалы баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр.

Яғни босатылған пәтерлер қайтадан тұрғын үй қорына қайтарылып, баспанаға мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін пайдаланылмақ.

Еске салайық, Алматыда тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеуге қатысты жаңа норма бекітілді. Енді тіркеу кезінде тұрғын үйдің ауданы ескеріледі, бір адамға кемінде 15 шаршы метр жалпы алаң қарастырылуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз