Төрехан Сабырхан өзбек боксшысын жеңіп, Азия ойындарының финалына шықты

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін әлем чемпионы жартылай финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевпен кездесті. Болтаев ширек финалда қытайлық Ли Гуофэнді 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шыққан еді.
Төрехан жекпе-жекті сенімді бастады. Бірінші раундта бес төрешінің барлығы жеңісті қазақстандық боксшыға берді – 5:0. Екінші раундта да есеп өзгерген жоқ – 5:0 Төреханның пайдасына.
Үш раундтың қорытындысында Сабырхан қарсыласынан басым түсіп, Азия ойындарының финалына жолдама алды. Осылайша қазақстандық боксшы кемінде күміс жүлдеге кепілдік алып, енді алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Төрехан Сабырхан Аичи–Нагоядағы жарысты қатарлық Мұхаммед Дбичиге қарсы бастаған. Ол алғашқы кездесуін 5:0 есебімен жеңіп, қарсыласын нокдаунға жіберді. Ширек финалда ирактық Али Касим Хамдан Әл-Саррайды бірінші раундта нокаутпен жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын.
Төрехан – 2025 жылғы әлем чемпионы. Енді ол әлем чемпиондығынан кейін Азия ойындарының алтынын да жеңіп алуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасынан финалға шыққан екі боксшы ғана қалды. Айбек Оралбай да финалда өзбекстандық боксшымен Азия алтыны үшін жұдырықтасады.