Flydubai ұшағы «басып алу» туралы төтенше сигнал берді: бортта 180 жолаушы бар

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласынан Тель-Авивке ұшып бара жатқан Flydubai әуе компаниясының жолаушылар ұшағы төтенше жағдай туралы дабыл қақты. Кейін рейстің басып алынғаны туралы 7500 сигнал берді, деп жазады Kursiv.Media израильдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ұшақты қарсы алу үшін Израиль Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді. Бортта нақты не болғаны әзірге белгісіз.
БАҚ мәліметінше, ұшаққа Израильде қонуға тыйым салынғандықтан, Иордания үстінен кері бұрылып, Сауд Арабиясы бағытына қарай ұшқан. Әуе кемесінде 180-ге жуық адам бар.
Сондай-ақ ұшақпен байланыс үзіліп, ұшуды қадағалап отырған сервистерден жоғалып кеткені хабарланды.
Болған оқиғаға байланысты Израиль билігі шұғыл отырыс өткізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы әзірге анықталып жатыр, қазіргі уақытта ұшақтың басып алынғаны туралы ресми растау жоқ.