Дәрігер есеп толтырмай, науқасты емдеуі керек – Дана Медеуова

Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби мәртебесін күшейтіп, олардың еңбегін бюрократиялық жүктемеден қорғау ұсынылды. Құрылтай депутаты Дана Медеуова денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдап, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен құқықтарын заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутаттың айтуынша, медицина жүйесінің тұрақтылығы медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекке ғана емес, ең алдымен білікті мамандарға байланысты.
Дәрігер қағазбастылықтан босатылуы керек
Дана Медеуова еңбекақы төлеу жүйесін дәрігердің біліктілігі мен атқаратын жұмысына қарай икемді ету қажет деп санайды.
Оның пікірінше, медицина маманы кәсібіне қатысы жоқ есеп-қисап пен құжат толтыруға уақыт жұмсамай, негізгі жұмысына науқасты емдеуге көбірек көңіл бөлуі керек.
«Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек», – деді депутат.
«Дәрігер» атауы заңмен қорғалуы мүмкін
Депутат «дәрігер» атауының нақты кәсіби талаптарға сай болуын айтты. Оның айтуынша, бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек. Яғни медициналық маманның кәсіби мәртебесі заңда нақты белгіленуі қажет.
Дәрігерлерді жүйеде ұстап қалу маңызды…
Депутат кадр тапшылығын шешуде жаңа мамандарды даярлап, жұмысқа тартумен қатар, қазір медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлерді ұстап қалуға басымдық беру керегін айтты.
Ол мамандардың жалақысы мен еңбек жағдайы олардың мамандықтан кетуіне себеп болмауы тиіс деп атап өтті.
«Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», – делінген депутаттық сауалда.
Дәрігерлердің кәсіби шешімдері қорғалуы керек
Депутат ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген төтенше жағдайларда дәрігерлерге жедел әрі дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беру қажет деп есептейді. Ол үшін медицина қызметкерлерінің өкілеттігі нақты белгіленіп, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы тиіс.
Арнайы заң жобасын ұсынбақ
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Дана Медеуова «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық ететінін мәлімдеді.
Еске салайық, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза күшейтілді. Биыл жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану немесе күш қолдану қаупі үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.