Мемлекеттен қолдау алған банктер бизнеске кредит беруге асығар емес – депутат

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы

иллюстрация kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Татьяна Савельева Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдады. Депутат бизнеске берілетін несиенің қымбаттығы және осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Банктердегі триллиондар

Депутаттың айтуынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердегі тез арада қолдануға болатын (жоғары өтімді) активтер көлемі 23,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл – бүкіл банк жүйесіндегі қаржының үштен бір бөлігі. Бұл ретте Ұлттық банк нарықтан 7 трлн теңгеге дейінгі бос ақшаны қайта алып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттің өзі де ішкі нарықтан белсенді түрде қарыз тартып жатыр. Тек шілде айында Қаржы министрлігі мемлекеттік облигациялар арқылы 750 млрд теңге тартты. Бұл бағалы қағаздардың жылдық кірістілігі 18,93%-ға дейін жетті.

Екінші деңгейлі банктер үшін бизнесті ұзақ мерзімге қаржыландырып, тәуекелге бас тіккеннен гөрі, тәуекелі жоқ, кірісі жоғары мемлекеттік құралдарға ақша салу әлдеқайда тиімді болып отыр.

Бизнеске арналған қымбат несие мен бюджетке түскен жүк

Қазіргі уақытта бизнеске теңгемен берілетін несиенің орташа пайызы 21,5%-ды құрайды. Мемлекет бұл несиелерді арзандату үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және даму институттары арқылы қосымша қолдау көрсетуге мәжбүр.

Савельева осының нәтижесінде тұйық шеңбер қалыптасқанын айтады. Яғни, банктерде ақша бар, мемлекет ол ақшаны жоғары пайызбен өзі қарызға алады. Ал бизнес үшін несие қымбат күйінде қалып, ал мемлекет содан кейін несиені арзандату үшін тағы да өз қазынасынан қаржы жұмсайды.

«Мұндай жүйе мемлекеттік қаржыға екі есе салмақ түсіреді. Ел қазынасы бір жағынан қарызды өтеуге шығынданса, екінші жағынан нақты секторды қолдауға қосымша бюджет бөлуге мәжбүр», – деді ол.

Үкімет пен Ұлттық банкке қойылған талаптар

Қалыптасқан бұл жағдайға базалық мөлшерлеме, банктік реттеу, қаржының өз құны және жобалардың сапасы секілді факторлар әсер етеді. Осыған байланысты депутат Үкімет пен Ұлттық банкті бірлесіп мынадай шараларды жүзеге асыруға шақырды:

  1. Себептерді анықтау: Банктердегі ауқымды қаржының не себепті бизнеске ұзақ мерзімді несие ретінде берілмей жатқанын анықтау. Мемлекеттік қаржы құралдарының кірістілігі, мерзімі мен тәуекелін бизнесті қаржыландырумен салыстыру.
  2. Шығындарды есептеу: Бұл жүйенің мемлекетке қаншаға түсіп отырғанын есептеп шығу. Атап айтқанда, қарызға қызмет көрсету шығындарын, бизнесті қолдауға бөлінген қосымша қаржыны және мемлекет өз мойнына алған қаржылық тәуекелдерді сараптау.
  3. Заңнаманы өзгерту: Банктер бизнесті өз қаржысы есебінен және өз тәуекелімен белсендірек несиелеуі үшін саясат пен заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу. Ал мемлекеттік қолдауды тек шынымен қажет жерде ғана пайдалану.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан экономикасына жалпы 53,2 трлн теңге кредит берілген. Соның 28 трлн теңгесі халықтың алған несиесі болса,  бизнеске берілген кредит қазір 25,4 трлн теңгені құрайды. Ал екінші деңгейлі банктерден бизнестің алған қарызы 22 трлн теңгеге тең.

Сондай-ақ оқыңыз