1,5 млн адам жұмыс істейді: депутат клининг саласын реттеуді ұсынды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Клининг саласында шамамен 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр / Фото: shutterstock

Құрылтайда ЖСДП фракциясының депутаты Нұргүл Камалова төрт бірдей министрлікке сауал жолдады. Депутаттық сауал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолданды. Депутат елдегі клининг саласын заңдастыру және тазалықшылардың қоғамдағы мәртебесін көтеру мәселесін қозғады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Есепте жоқ 1,5 миллион жұмыскер

Сарапшылар мен салалық қауымдастықтардың мәліметінше, Қазақстанда клининг саласында 1,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Бұл – отандық еңбек нарығындағы аса ауқымды көрсеткіш. Клининг қызметі елдегі санитариялық жағдайды сақтап, қоғамдық орындарды күтіп ұстауда маңызды рөл атқарады.

Алайда қазіргі уақытта бұл сала қызметкерлерін түгендеп, есепке алатын арнайы тетік жоқ. Саладағы нақты жұмыспен қамту деңгейін, еңбекақы көлемін және кәсіби біліктілікке деген қажеттілікті толық бағалау мүмкін болмай отыр.

Беделсіз жұмыс пен бейресми табыс

Депутат бүгінгі таңда еден жуушылар мен аула сыпырушылардың еңбегі қоғамда біліктілігі төмен, беделсіз жұмыс болып саналатынын айтады. Бұл жағдай нағыз еңбек адамының мәртебесін төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері кері әсерін тигізеді.

«Елімізде осы күнге дейін еден жуушылар, аула сыпырушылар және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағаланып, Президентіміз айтқан нағыз еңбек адамын қоғам алдында төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер  ететіні анық», – дейді Камалова.

Депутат қазіргі клининг арнайы білім мен дағдыны талап ететін дербес кәсіби сала екенін атап өтті.

Сондай-ақ ресми табыстың төмендігінен жұмысшылар қосымша ақшаны бейресми түрде табуға мәжбүр. Салдарынан азаматтардың еңбек құқықтары, әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктері сақталмай қалады.

Қалыптасқан жағдайды шешу үшін депутат тиісті министрліктерге бірқатар нақты шараларды қабылдауды ұсынды. Ең алдымен, бұл салада нақты қанша адамның жұмыс істейтінін анықтап, ресми есепке алу қажет.

Бұл қызметкерлердің жалақысын ашық төлеп, оларды заңды түрде жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, тазалықшылардың «көлеңкеде» еңбек етуі азайып, олардың зейнетақы мен әлеуметтік аударымдары тұрақты түрде түсіп отырады.

Сонымен бірге бұл саланы толыққанды кәсіп ретінде танып, оның өзіндік талаптары мен стандарттарын енгізу ұсынылып отыр. Мамандарды колледждерде арнайы оқытып, кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалса, қызмет сапасы да артады.

Одан бөлек, жұмысшыларға қаржылық сауаттылықты үйретіп, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету маңызды. Депутат осындай жүйелі қадамдар арқылы тазалық саласы қызметкерлерінің табысы өсіп, қоғамда олардың еңбегіне деген құрмет пен бедел артады деп тұжырымдайды.

Клинингпен айналысатындар биыл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына енген.

Сондай-ақ оқыңыз