Атырау қаласына жаңа әкім тағайындалды

Атырау қаласының әкімі болып Данияр Таханов тағайындалды. Тиісті өкімге облыс әкімі Болат Ақшолақов қол қойды деп хабарлайды Kursiv Media.
Данияр Таханов 1985 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін «Өндірістік-коммерциялық басқару» және «Өндірістік экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2009 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-да бастаған. Кейін түрлі қызметтер атқарған. 2012 жылы Sinopec Engineering компаниясының Қазақстандағы филиалында инженер болып жұмыс істеген.
2012-2017 жылдары «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары әрі «Atyrau Innovations» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.
2017 жылдан бастап «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасының орынбасары, кейін басқарма төрағасы болды.
2022 жылдың мамырынан бері «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды. Аталған ұйымды Атырау облысының әкімдігі өңір экономикасын дамыту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бизнесті қолдау мақсатында құрған.
Бұған дейін қала әкімі қызметін Шәкір Кейкин атқарған еді. ҰҚК оның орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болған соң 14 қыркүйекте өз еркімен жұмыстан кетті.