
Ұлттық банктің шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемені 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеруі Қазақстандағы доллардың банк жүйесіне жаппай оралуына жеткіліксіз болуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, 1 қазаннан бастап, ЕДБ валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесін 2,5 пайызға дейін көтере алады. Белгілі экономист Алмас Чукин мұны дұрыс бағыттағы, бірақ кешігіп қабылданған және толық емес шешім деп бағалады. Kursiv Media экономистің пікірін бөліседі
«Матрастың астында – 0%, банкте – 2,5%, Америкада – 5%. Доллар қайда болады деп ойлайсыз?» – деп жазды экономист.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда бірнеше жыл бойы жүргізілген дедолларизация саясаты ресми статистикада нәтиже көрсеткенімен, оның жанама салдары толық есептелмеген.
Доллар депозиттер азайды, бірақ экономикадан жоғалған жоқ
2017 жылдан бастап Қазақстанда валюталық депозиттердің тартымдылығын төмендетуге бағытталған бірқатар шара қабылданды. Соның нәтижесінде банктердегі валюталық депозиттердің үлесі біртіндеп 40%-дан 30%-ға, кейін 20% шамасына дейін азайды.
Алайда экономист мұны доллардың ел экономикасындағы рөлі төмендеді деп қабылдауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, валютаның бір бөлігі банктерден шығып, қолма-қол ақша түрінде сақтала бастады немесе шетелдік шоттарға кетті. Яғни доллар жоғалған жоқ, тек Қазақстанның банк жүйесінен тыс жерге ауысты.
Экономист халық пен компаниялардың валютасы отандық банктерде тұрғаны тиімдірек екенін атап өтеді. Себебі мұндай қаражат реттеушіге көрінеді, ел ішінде қалады және экономикада пайдаланылуы мүмкін.
Ал валютаны банктерден ығыстыру валюталық тәуекелді азайтпайды, тек оның бір бөлігін ресми банк жүйесінен шығарады.
Теңге неге біртіндеп әлсіреуі мүмкін?
Сарапшы теңге бағамы негізінен Қазақстанға кіретін және елден шығатын валютаның арақатынасына байланысты екенін түсіндіреді.
Қазақстан долларды өзі шығармайды. Валюта елге экспорттан, қызмет көрсетуден, инвестициядан және сыртқы қарыздардан келеді. Ал импорт, капиталды шығару, қарыздарды өтеу мен шетелдік инвесторларға төленетін пайда валютаның кері ағымын қалыптастырады.
Сонымен бірге бағамның өзі де осы процестерге әсер етеді. Мәселен, теңге әлсіресе, қазақстандық экспорт шетелдік сатып алушы үшін арзандай түседі. Бірақ теңгемен инвестиция салған шетелдік инвестор үшін валютаның әлсіреуі алынған жоғары пайыздық табыстың өзін жоққа шығаруы мүмкін.
Экономистің пікірінше, ең маңызды мәселе – теңгенің сатып алу қабілеті. Ұлттық валютаның әлсіреуі халықтың нақты табысына тікелей әсер етеді.
Сарапшы тіркелген айырбас бағамын немесе валюталық дәліз енгізуді қолдамайды. Оның түсіндіруінше, Қазақстандағы инфляция АҚШ-тағы инфляциядан тұрақты түрде жоғары болған жағдайда теңгенің ұзақ мерзімде біртіндеп арзандауы табиғи процесс. Алайда мемлекет бағамдағы күрт ауытқуларды жұмсарта алады.
Неліктен банктерге доллар қажет емес?
Валюталық депозит мөлшерлемесінің төмендігі – мәселенің бір бөлігі ғана. Экономист банктердің валюталық міндеттемелеріне қатысты резервтік талаптарға да назар аударды.
Оның келтірген мысалы бойынша, клиент банкке $1 000 депозит салса, оның $150-ы міндетті резервке жіберіледі. Нәтижесінде банк коммерциялық операцияларда барлық $1 000-ды пайдалана алмайды.
Бұған қоса, валютамен несие беруге де шектеулер бар. Шетел валютасында тұрақты кірісі жоқ қарыз алушыларға доллармен несие беру іс жүзінде шектелген.
Мұндай талаптың себебі түсінікті. Қазақстан бұрын валюталық ипотеканың салдарын көрді. Адамның табысы теңгемен болып, несиесі доллармен берілсе, кезекті девальвация кезінде оның борыш жүктемесі күрт өседі.
Алайда сарапшы валюталық кірісі бар кәсіпорындардың нақты ауқымы ресми талаптарға сай келетін компаниялардан кең екенін айтады.
Мәселен, экспорттаушыларға тауар жеткізетін компаниялар немесе келісімшарттары доллар бағамына байланыстырылған кәсіпорындар да валюталық түсімге жанама түрде тәуелді.
Экономист осындай бизнес үшін талаптарды жұмсарту несие құнын төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
2,5% долларды банктерге қайтара ала ма?
Сарапшының пікірінше, валюталық депозит бойынша мөлшерлеменің 2,5%-ға дейін өсуі нарықтағы жағдайды түбегейлі өзгертпейді.
Біріншіден, теңгелік депозиттердің кірістілігі әлі де екі таңбалы деңгейде. Сондықтан салымшылардың жаппай теңгеден долларға ауысуына айқын экономикалық себеп жоқ.
Екіншіден, долларын шетелде орналастыра алатын инвесторлар үшін Қазақстандағы 2,5% мөлшерлеме аса тартымды болмауы мүмкін.
Экономист АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігін мысалға келтіреді. Оның жазуынша, мұндай құралдар шамамен 5% жылдық табыс бере алады.
«Матрастың астында 0%, банкте 2,5%, Америкада 5%» деген салыстыруының мәні де осында.
Сарапшының пайымдауынша, жаңа шешім валютаның елден шығуын баяулатуы мүмкін, бірақ оны толығымен тоқтатпайды.
«Дедолларизация бар, бірақ доллар елден кетіп жатыр»
Экономистің негізгі сыны – валюталық депозиттер бойынша бұрынғы 1% шекті өзгерту банк жүйесіндегі негізгі проблемаларды шешпейді.
Банктер үшін валютаны тарту әлі де аса тиімді емес: оның бір бөлігі резервке жіберіледі, ал валюталық несиені орналастыру мүмкіндігі шектеулі.
Сарапшы бизнеске валютаны сатып алу мен пайдалануға қатысты талаптардың күшеюін де тәуекел деп санайды.
Оның жазуынша, компания сатып алған валютасын белгіленген мерзім ішінде пайдаланбаса, оны қайта сатуға міндетті. Мұндай шектеулердің логикасы ішкі валюта нарығындағы алыпсатарлық сұранысты азайту болғанымен, жанама әсері болуы мүмкін.
Экономистің пікірінше, компаниялар валютаны Қазақстанға әкелгеннен кейін оны пайдалану қиындай түсетінін көрсе, қаражатты шетелдік шоттарда ұстауға мүдделі болуы мүмкін.
Нәтижесінде бұл ақша қазақстандық емес, шетелдік банктердің ресурстық базасын ұлғайтады.
Сарапшының негізгі түйіні – дедолларизация долларды банк жүйесінен ығыстырумен шектелмеуі керек. Халық пен бизнестің валютасын Қазақстан ішінде сақтап, оны отандық қаржы жүйесінде жұмыс істейтіндей жағдай жасау маңызды.