Депутаттар үй жанындағы дүкендерге салық жеңілдігін жасап, арзан несие беруді ұсынды

Ауылдағы 40 мыңға жуық «үй жанындағы» дүкен иелері 48 пайыздан асатын қымбат несиеге байланып, пайдасының ширегін банк қызметі үшін беруге мәжбүр. Құрылтай депутаттары шағын сауда нүктелерін салық салмағынан қорғап, оларға салынатын шағын айыппұлдарға мораторий енгізу ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Respublica» партиясының депутаты Руслан Идрисов шағын азық-түлік дүкендерін қолдауға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутат мемлекеттік қолдау шаралары негізінен ірі сауда желілеріне бағытталғанын, ал халықтың басым бөлігі азық-түлікті үй жанындағы шағын дүкендерден сатып алатынын алға тартады.
Ауыл халқының тірегі және «қарыз дәптері»
Елімізде 7,5 миллион адам, яғни халықтың 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұрады. Ауылдар мен шағын қалаларда ірі сауда желілері атымен жоқ. Мұндай аймақтарды азық-түлікпен 40 мыңға жуық «үй жанындағы» дүкендер қамтамасыз етіп отыр.
Әрбір шағын дүкеннің артында отбасылық шағын бизнес тұр. Мұндай сауда нүктелері төтенше жағдайларда да азық-түлікті үздіксіз жеткізеді. Дегенмен олар кассадағы алшақтық пен айналым қаражатының тапшылығына жиі тап болады. Ауылдарда тауарлар сыйақысыз, қарызға беріледі. Мұндай «қарыз дәптеріндегі» сома дүкеннің барлық айналым қаражатының 50 пайызынан асып кетеді.
48 пайыздық несие мен салық салмағы
Қазақстанда жылдық инфляция тамыз айында 9,8 пайызды, ал азық-түлік бағасының өсімі 9,5 пайызды құрады. Бұл ретте сауда саласында 2025 жылы 67,5 млрд теңгеге 458 жоба субсидияланса, 2026 жылға 10 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар 31 тауардың бағасын бекіту механизмі жұмыс істейді.
Ірі желілер бұл тауарлардың бағасын арзандатылған несиелер есебінен ұстап тұрады да, қалған 10 мың тауардың үстеме бағасын өсіреді.
Ал шағын дүкендер мұндай арзан қарыз ала алмайды. Дистрибьюторлар 100 пайыз алдын ала төлем талап етеді, ал арзан қаржы таппаған кәсіпкерлер жылдық мөлшерлемесі 45-48 пайызды құрайтын коммерциялық несие алуға мәжбүр. Мұнымен қоса, салық, әлеуметтік төлем мен коммуналдық тариф дүкеннің операциялық пайдасының 30-40 пайызын алып қояды.
Эквайринг комиссиясы пайданы жеп қояды
Тағы бір өзекті мәселе – банк эквайрингі. Дүкеннің таза маржасы 8-12 пайыз болғанда, қолма-қолсыз төлем үшін ұсталатын 1,5-2,5 пайыздық банк комиссиясы кәсіпкер пайдасының едәуір бөлігін жұтып қояды.
Осыған байланысты «Respublica» партиясы шағын азық-түлік саудасы субъектілері үшін жеңіл декларация негізіндегі салық шегін 2 пайыздан асырмауды ұсынды.
Депутаттың пікірінше дүкендерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасынан асырғаны үшін салынатын айыппұлдарға уақытша мораторий енгізген жөн.
Сонымен қатар «үй жанындағы» дүкендерде әлеуметтік маңызы бар және базалық азық-түлік тауарларын сатқанда банк комиссиясының шекті мөлшерін 0,5 пайыздан асырмау керек деп тұжырымдайды.
Бұған дейін «Ақжол» фракциясының өкілі, бұрынды мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов шағын дүкендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын баға реттеуінен босатуды ұсынған.