Елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі үш айда 6 пайызға жуық өсті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Күнкөріс деңгейі өсті
Күнкөріс деңгейі өсті / Фото: Shutterstock

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 67 618 теңгені құрады. Үш айда бұл көрсеткіш 5,4%-ға, ал жылдық мәнде 20,3%-ға өсті, деп хабарлайды Kursiv.Media Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасап.

Сарапшылар соманың 55%-ы, шамамен 37 190 теңгесі азық-түлік тауарларына, ал қалған 45%-ы, немесе 30 428 теңгесі қажетті заттар мен ақылы қызметтерге жұмсалатынын айтты.

Өңірлердегі ең төменгі күнкөріс деңгейі қандай?

Өңірлердегі азық-түлік бағасы әр түрлі болғандықтан, өмір сүруге жететін ең аз ақша мөлшері де әр аймақта әр қалай.

Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанында ең жоғары күнкөріс деңгейі Алматыда тіркелді. Бір адамға ай сайын 75 203 теңгеден есептелген. Одан кейін 73 671 теңгемен Маңғыстау облысы, 71 332 теңгемен Алматы облыстары тұр. Сонымен бірге Астанада 69 917 теңге, Шымкентте 65 999 теңгені құрады. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелді – 57 517 теңге.

Жылдық өсім бойынша көш басында 28,2 пайыздық көрсеткішпен Алматы қаласы, сондай-ақ 26,8 пайызбен Қызылорда облысы және 25,4 пайызбен Жамбыл облысы тұр.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі тек өңірлер бойынша ғана емес, жыныс пен жас топтарына қарай да есептеледі.

Мәселен, еңбекке қабілетті ер азаматтар үшін орташа ең аз сома айына 80 519 теңге деңгейінде белгіленді. Әйелдер үшін 63 933 теңгеге тең.

Зейнеткерлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 63 422 теңге, ал 13 жасқа дейінгі балалар үшін – 53 645 теңге. 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірім ұлдар үшін бұл сома 85 613 теңге, ал қыздар үшін – 65 598 теңге.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған ең төменгі күнкөріс деңгейін айына адам басына 65 886 теңге деп айқындады.

2025 жылы Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (шамамен 58,8 мың теңге) аспайтын халықтың үлесі 4,8%-ға жетті. Бұл миллионға жуық адам күнкөріс шегінен төмен өмір сүріп жатыр деген сөз.

Сондай-ақ оқыңыз