Маңғыстаудағы оқиға: қордағы қаражат отбасыларға комиссия арқылы беріледі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты жиналған қаражат бірыңғай қордан комиссия арқылы адресаттарға таратылатынын айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты комиссия құрылды. Ол комиссияны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Ол өте тәжірибелі басшы. Құрылтай депутаттары да бұл комиссияның жұмысын бақылап отырады. Тиісті ақпаратты алуға толық мүмкіндігіміз бар. Отбасына көмектесуге қатысты қор құрылған. Ол қорға қаражаттың жиналғаны жайлы біз де ақпарат алып отырмыз. Отбасына  көмек көрсету бойынша, ақша толық жиналып біткенде қор комиссиямен бірлесе жұмыс істейді», – деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың айтуынша, қордағы жиналған ақшаны комиссия мүшелері адресаттарға жеткізіп береді. Қазір депутаттар заң бойынша қордың жұмысына араласа алмайды.

Еске салсақ, Маңғыстауда 14 әскеридің қазасынан кейін Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне кешенді тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Азаматтар қаза болғандардың отбасына көмектесуге қаржы жіберу үшін арнайы қор да құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз