Теміртауда ғибадатхананы тонаған күдікті ер адам ұсталды

Теміртауда 44 жастағы ер адам православ шіркеуінен ақша ұрлап, зейнеткердің ақшасы мен алтын әшекейлерін жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қарағанды облысының полиция департаменті хабарлауынша, өткен аптада Старогород бөлімінің кезекші бөліміне ғибадатханадан 143 мың теңге жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.
Тергеу кезінде ер адам шіркеуден ақша ұрлағанын мойындаған. Сондай-ақ бір ай бұрын 68 жастағы зейнеткердің 100 мың теңгесі мен алтын сырғасын ұрлағанын айтқан. Жалпы келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрады.
Күдікті алтын сырғаны сатып, ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсағанын айтқан. Полиция әшекейлер қайда екенін анықтап, оларды заттай дәлел ретінде тәркілеуге әрекет жасап жатыр.
Қазір күдіктінің өңірде соңғы уақытта жасалған осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетейік, осыған дейін генератор ұрлаған қылмыскер Ақмола облысында бір ауылды сусыз қалдырғаны туралы жазған едік.