Қазақстан мен Бавария технологиялық серіктестікті дамытады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария премьер-министрінің орынбасары, Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен кездесті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Кездесуде Қазақстан мен Бавария арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Хуберт Айвангерге қонақжайлығы және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Тараптар Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты күшейтуге, инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударды.
Президенттің айтуынша, Бавария Қазақстанның Германиядағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Сауда көлемін арттыру мен жаңа жобаларды іске асыру үшін екі тараптың да әлеуеті жоғары.
Хуберт Айвангер Бавария бизнесінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, екі экономиканың бірін-бірі толықтыруы компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Кездесуде жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика, инновация және өңірлік даму салаларындағы серіктестікті нығайту мәселелері де қаралды.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездескен еді.