Қазақстан мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін жеткізбек

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстан мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады
Мұнай өңдеу / Фото: shutterstock

Қазақстан мұнай өңдейтін зауыттарды кеңейтіп, жаңа үлкен зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша жылына өңделетін мұнай көлемін 39 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан XXX KIOGE 2026 халықаралық көрме-конференциясында Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Оның айтуынша, салынатын жаңа кешеннің жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін жетеді. Энергетика министрлігі нысанды 2033 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Қазіргі кезде алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы төрт алаңға салыстырмалы талдау жүргізіліп жатыр. Зауыт нақты қай облыста салынатыны жыл соңына дейін белгілі болады.

«Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін төрт ықтимал облысқа бағалау жүргізіліп, содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Дәулет Арықбаев.

Сонымен қатар Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу кәсіпорындарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін арттырып жатыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жобаның ТЭН-ін CNPC-нің Шығыс-Қытай жобалау институты әзірлеп жатыр.

Павлодар мұнай-химия зауытының жылдық қуатын 2031 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында өңделетін мұнай көлемі кезең-кезеңімен 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін артады.

Дәулет Арықбаев Қазақстан өндіретін мұнайдың 80%-ы шетелге сатылатынын айтты. Ал сол экспортқа кететін мұнайдың 80%-дан астамы Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады.

Қазақстан қыркүйек айында мұнай мен мұнай өнімдерін шетелге сату салығын тоннасына 94 долларға дейін өсірді. Тамызда кедендік баж 76 доллар болған еді. Салыстырмалы түрде, салық мөлшері бір айда 18 долларға (немесе 23,7%-ға) қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз