Дала дәмі: Астанада Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтеді

Астаналықтар алдағы демалыс күндері Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып ала алады. 3-4 қазан күндері елордада өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкесі жалғасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
400 тоннадан астам өнім әкелінеді
Астана әкімдігінің мәліметінше, екі облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңкеге 400 тоннадан астам өнім жеткізеді. Шығыс Қазақстан облысының шаруалары жәрмеңкеге 50-ден астам түрлі тауар әкеледі. Олардың қатарында ет, сүт өнімдері, балық, бал және ара шаруашылығы өнімдері, өсімдік майы, жарма, шұжық өнімдері, қымыз және ұлттық тағамдар бар.
Ал Ақтөбе облысынан жәрмеңкеге 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен өңдеуші кәсіпорын, сондай-ақ өңірдің 12 ауданынан фермерлер қатысады.
Жәрмеңке қайда өтеді
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында ұйымдастырылады. Жәрмеңке екі күн бойы 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды.
Жәрмеңкелер қазан айының соңына дейін өтеді
Өңірлік жәрмеңкелер Астанада әр демалыс сайын 25 қазанға дейін ұйымдастырылады. Келесі жәрмеңкелердің кестесі:
- 3-4 қазан – Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары;
- 10-11 қазан – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары;
- 17-18 қазан – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары;
- 24-25 қазан – Қарағанды және Қостанай облыстары.