FlyDubai рейсі: ұшқыш 150 адамы бар ұшақты Тель-Авивтегі ғимаратқа соқпақ болған

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Беньямин Нетаньяху мен Янив Хаюн / фото: BENJAMIN NETANYAHU/X

Дубайдан Тель-Авивке ұшып бара жатқан әуе көлігіндегі пилоттың бірі 150 жолаушысы бар ұшақты ғимаратқа соғып, жармақ болған. Бұған дейін Израиль барлаушыларына сілтеме жасаған журналистер осылай деп хабар таратқан еді. Енді ел билігі ресми түрде растап отыр деп хабарлайды Kursiv Media.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху теракт болуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен тағы да жаңа қауіп барын меңзеп, қауіпсіздік қызметіне дайын болуды тапсырды.

«Дубайдан Израильге бара жатқан рейсте төтенше жағдай болды. Рейстегі барлық жолаушылар израильдіктер еді. Ұшақ Израильге жақындап қалғанда пилоттың бірі екіншісін пышақтап, әуе көлігін ғимаратқа соқпақ болған тәрізді», – деді ол журналистерге.

Израильдің жаңа «қаһарманы»

Пилоттар төбелесіп жатқанда ұшақты аман алып қалуға борттағы жолаушылардың бірі көмектескен. Борт басқаруын істен шығаруға тырысып жатқан ұшқышты да сол адам залалсыздандырған.

Янив Хаюн есімді азамат ұшақтың биіктікті күрт төмендеткенін байқайды. Артынша бортта қатты шу шығып, жарық өшіп қалады. Сонда Янив жанына тағы бір адамды ертіп, пилоттар кабинасына кіруге тырысады.

«Біз кіргенде бір адам панельдің алдында, екі креслоның ортасында тұрған еді. Пилоттар орындығында ешкім болған жоқ. Біреуі жерде жатты, ал екіншісі сол панельдің алдында тұрды. Менімен бірге бір жігіт кірген еді. Бірден оны (шабуылдашы -ред.) ұстап, қылқындырып, сыртқа алып шықтым» – дейді Янив Хаюн.

Одан әрі бортта отырған басқа жолаушылармен бірігіп пилотты орнынан тұрғызбай, ұстап тұрады. Ал есін жиған екінші пилот ұшақты басқаруды өз қолына алып, шұғыл түрде қондырады.

Ұшақ қонғаннан кейін премьер-министр Биньямин Нетаняху онымен кездесті, тіпті Янив Хаюнның қан болған жейдесін шешіп үлгермегенін де байқауға болады. Желіде жарияланған видеода екеуінің әңгімелескен сәті бар.

Жарақат алған ұшқыш Үндістан азаматы Смит Маччхар екені белгілі болды. Ол ауруханаға жеткізілді, жағдайы қалыпты деп хабарлады Үндістанның Сауд Арабиядағы елшісі. Ал күдікті ұшқышты Сауд Арабия билігі тергеп жатыр.

150 жолаушысы бар ұшақтың жоғалып кетуі 30 қыркүйектегі төтенше оқиғаның бірі болды. Әп-сәтте алып ұшақ радардан жоғалып,  төтенше жағдай туралы сигнал беріп, артынша бортты басып алу қаупін білдіретін код жіберген.

Осыдан кейін Израиль билігі шұғыл кеңес өткізді. Кейін ұшақтың шұғыл түрде Сауд Арабиясының Табук қаласындағы әуежайға қонғаны белгілі болды. Бірнеше сағаттан кейін резеврті ұшақпен жолаушылар Тель-Авивке жекізілді. «Бен-Гурион» әуежайында оларды туыстары мен басқа да жолаушылар ән салып қарсы алды.

Сондай-ақ оқыңыз