Полиция пунктінде жалаңаш күйінде табылған әйелдің ісі жабық қаралатын болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
полиция
Қылмыстық іс сотқа жетті / Фото: ІІМ

Қарағандыда полиция пунктінде жалаңаш күйінде денесі табылған әйелдің өлімі және учаскелік полиция инспекторының улануына қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы «Патриот» редакциясы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Оқиғаның мән-жайы

Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінен әйелдің мәйіті 2025 жылдың 1 қазанында табылды. Сол кезде оқиға орнында ес-түссіз жатқан полиция қызметкері медициналық мекемеге жеткізілді.

Артынша Қарағанды қаласы полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің бірқатар басшылық құрамына қатаң тәртіптік жаза қолданылды.

Содан кейін ер адам ауруханадан шыққаны хабарланды. Инспектор есін жиғаннан кейін жұмыстан босатылып, оған Қылмыстық кодекстің 370-бабы – «Қызмет бойынша әрекетсіздік, ауыр зардаптарға әкеп соққан» бабы бойынша айып тағылды.

Тергеу барысында екеуі 29 қыркүйек сағат шамамен 23:00-де полицияның тірек пунктіне бірге кіргені анықталған. Әйел өз еркімен барған. Редакцияның хабарлауынша, әйел қайғылы оқиғаға дейін де сол жерге барып жүрген. 

Сот отырысы

Іс Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы – Дінмұхамед Әлімқұлов.

Сот залына қайтыс болған 23 жастағы әйелдің туыстары да барған. Олардың сөзінше, марқұмның артында кішкентай баласы қалды. 

Сотта адвокат қылмыстық істі жабық режимде қарауды сұраған. Оның айтуынша, сот процесінде сотталушы мен марқұм қыздың жеке өміріне қатысты интимдік сипаттағы жайттар талқыланады.

Прокурор Дінмұхамед Әлімқұлов сот процесін жабуға қарсылық білдірді. Алайда істі қарап жатқан судья Бекзат Шалғымбаев сот отырысын жабық өткізу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз