Нұрлан Имам: Неке – прошивкасы өзгеріп, жаңартылатын ұялы телефон емес

Нұрлан Имам деген атпен танымал дін қызметкері Нұрлан Байжігітұлы некені жаңарту туралы мұсылмандардың бірінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның пікірінше, Исламда неке жаңартылады деген түсінік жоқ.
«Неке – прошивкасы өзгеріп, 16.24 деп жаңаратын ұялы телефон емес. Жаңа нұсқасы шықпайды. Тіпті, некеңізді қиған молда өліп қалса да, неке жаңартылмайды. Неке жұптардың бірі өмірден өтсе немесе ресми ажырасса ғана жаңартылады. Басқа уақытта «жаңартылады» деген түсінік жоқ», – деді имам.
Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, соңғы уақытта «некені жаңарту» деген ұғым тарап жүр. Ол кейін қосылған, дұрыс түсінбегеннен пайда болған. Ер адам мен әйел адам ұрысқан кезде «талақ» деген сөздер айтылса, неке бұзылады. Мұндай жағдайда өзі тұрып жүрген әйелімен неке қайта қиылады.
«Ал еркек адамның әйелмен ұрыссуы, жағаласуы – әбүйірсіздік. Жеңсе де, жеңілсе де. Өйткені ер адам әйелмен салғыласпайды. Сол үшін ол – ер адам», – деп түйіндеді имам.
Айта кететін жайт, дінді насихаттайтындарға ресми құжат беріліп жатыр, алғашқысы Нұрлан имамға табысталған еді.