Сеулде құрылыста жүрген қазақ жігіті қайтыс болды

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Қазақстан азаматы қаза тапты. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, 29 қыркүйек, сейсенбі күні Сеулдің оңтүстігіндегі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында бетонның бір бөлігі құлап, қазақстандық жұмысшы көз жұмған.
Оңтүстік Корея Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, 30 жас шамасындағы ер адам ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалау жұмыстарын бастауды күтіп тұрған. Сол сәтте үстіне бетон төбенің бір бөлігі ойылып түскен.
Еңбек министрлігі объектідегі жұмыстарды дереу тоқтатқан. Оқиға орнына полиция шақырып, құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету органдарымен бірлесе отырып, оқиғаны тексеруді бастады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі марқұмның туыстарымен байланыс орнатқанын хабарады.
«Корея Республикасының құзыретті органдары оқиға бойынша тергеу амалдарын бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 15 тамызда Ресейдің Омбы қаласында құрылыс алаңында өрт шығып, Қазақстан азаматы қаза тапқан еді.