Зейнеткерлерге мерекеге орай 3,8 млрд теңге беріледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
коллаж: бильд-редактор: Делия Айдаралиева

Халықаралық қарттар күніне орай елде 274,2 мың тұрғынға 3,8 млрд теңге беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

Бір реттік материалдық көмек кімдерге беріледі

  • Астана қаласы, Ұлытау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы зейнетақысы ең төменгі және одан төмен мөлшерде тағайындалған азаматтарға;
  • Маңғыстау облысындағы және Шымкент қаласындағы 70 жастан асқан адамдарға;
  • Қарағанды облысындағы 75 жастан асқан адамдарға;
  • Түркістан облысындағы үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызбасты қарт адамдарға.

Қарттарға көмек 

Елде жасы бойынша зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. 2026 жылы шамамен 120 мың қарт азаматты әлеуметтік қолдауға 6,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Қаражат отын сатып алуға, тұрмыстық және коммуналдық шығындарын өтеуге, дәрі-дәрмек алуға, емделуге, сауықтыруға, санаторий-курорттық ем алуға және басқа да әлеуметтік көмек түрлеріне жұмсалады.

Өңірлердегі төлем

Otyrar.kz жазуынша, Шымкентте 70 жастан асқан шамамен 36 мың зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.

Ал Екібастұз қаласында ең төменгі зейнетақы алатын немесе жәрдемақысы мен төлемдерінің мөлшері ең төменгі деңгейден төмен азаматтарға 12 975 теңге (3 АЕК) беріледі. Осы талаптарға сай келетін 80 жастан асқан азаматтарға 17 300 теңге (4 АЕК) төленеді.

Өтініш берудің қажеті жоқ

Айта кетейік, төлем алушыларға алдын ала өтініш берудің қажеті жоқ. Ақша автоматты түрде олардың шоттарына аударылады. Төлемдерді аудару 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында жүргізіледі. Сондықтан кей азаматтарға ақша 1 қазанда емес, осы аралықтағы басқа күні түсуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз