Трамп президент болғалы АҚШ 250 мыңнан астам визаның күшін жойған

АҚШ Мемлекеттік департаменті Дональд Трамп 2025 жылы президент қызметіне кіріскелі бері 250 мыңнан астам визаның күшін жойған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Томми Пиготт бұл жайлы Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.
Оның айтуынша, АҚШ билігі виза беруге қатысты әрбір шешімді ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырады. Тексеру барысында қылмыс жасаған, терроризмді қолдайтын немесе АҚШ-тың көші-қон жүйесін теріс пайдаланған адамдар анықталған.
«АҚШ визасы құқық емес, артықшылық. Егер оның шарттарын бұзсаңыз, бұл артықшылықтан айырыласыз», – деді Пиготт.
АҚШ мемлекеттік департаменті бірқатар ел азаматтарына визалық шектеу ережесін күшейтті. Сыбайлас жемқорлық немесе есірткі айналымына қатысы бар, Батыс жарты шардағы демократиялық үкіметтерге нұқсан келтіреді деген шетелдіктерге ереже енгізілді.