Ұлдана Мырзуан соты тоқтатылып, басқа іске қосу үшін прокуратураға жолданды

Астанада Ұлдана Мырзуан соты тоқтатылып, тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы мен үйді қабылдап алған мамандарға қатысты іске қосу үшін прокуратураға жолданды. Мұндай шешімді қылмыстық істі қараған судья Меруерт Абаева қабылдады.
Қаулыға сәйкес, істі сотталушы Сәуле Жұбаниязованың әрекетіне құқықтық баға беру тұрғысынан қарауға болмайды. Қолда бар құрылыс-техникалық сараптама ғимараттың құлауына бірнеше жағдай себеп болғанын көрсеткен.
«Сондықтан апаттың туындауына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуі қажет. Осыған байланысты сот іске қатысы бар тұлғалардың әрекетін анықтап, оларға құқықтық баға беріп, кешенді түрде тергелуге тиіс деген қорытындыға келді», – деді судья.
Сот сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты істі жеке қарауға болмайды деген шешімге келді.
«Қылмыстық кодекстің 254-бабына сәйкес, істі басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдансын. Сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат бұрынғы қалпында сақталсын.
Ол қаулыға жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты арқылы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына шағым бере алады», – деді судья Абаева.
Ұлдана Мырзуан қазасы
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот 18 тамызда басталды. Сәуле Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.
2026 жылдың 9 қыркүйегінде сотқа құрылыс саласы бойынша сарапшы Вероника Лабаева қатысты. Сарапшының айтуынша, Тәуелсіздік көшесіндегі тоғыз қабатты үй 5 қабатты етіп салынуы керек болған.
Мырзуан отбасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, құрылыс компаниясының сол кездегі басшысы қайтыс болып кеткен. Алайда құрылыс компаниясы әлі де жұмыс істеп тұр. Одан бөлек тұрғын үйді қабылдап алған әкімдік қызметкерлері де жауапқа тартылуға тиіс.
«Біреуді соттау керек деп, соттауға қарсымыз, бізге ақиқат маңызды. Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың өз жауапкершілігі бар. Үйді салған адамдар да, үйді қабылдап алған адамдар да жауапкершіліктен құтылмауы керек. Сол себепті бұған дейін қысқарып кеткен іспен осы істі қосып, прокуратураға жіберуді сұрап отырмыз», – заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.