Танымал журналист Индира Жылқайдарова қайтыс болды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің редакторы
фото: «Хабар» телеарнасы

Қазақстандық белгілі журналист Индира Жылқайдарова қайтыс болды. Ол бірнеше жыл бойы ауыр дертпен күрескен еді деп жазады Kursiv Media.

Журналистің қайтыс болғанын тележүргізуші Санди Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол Индира Жылқайдаровамен «7 арнада» бірге жұмыс істегенін айтып, марқұмды еске алды.

«Индира өте мейірімді, жанашыр, әрдайым күлімдеп жүретін қыз еді. Өз ісіне берілген мықты журналист болды. Бір кезде редакциядағы күндерді, эфирлерді бірге өткізген жас әріптесің туралы осындай жаңалық есту өте ауыр», – деп жазды Санди Сұлтан.

Индира Жылқайдарова еңбек жолының көп бөлігін «Хабар» агенттігі мен «7 арнаға» арнаған. Ол ұзақ жылдар бойы депутаттардың қызметі мен Парламенттегі заң шығару процесі жайлы материалдар әзірледі.

2020 жылы журналист «Парламент сөзі» сыйлығында «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2021 жылы «Аманат» байқауында мемлекеттік тілдегі үздік телевизиялық материал номинациясы бойынша лауреат болды.

Әріптестерінің айтуынша, журналист соңғы жылдары онкологиялық аурумен күрескен.

Сондай-ақ оқыңыз