9 жылдағы ең жоғары көрсеткіш: халық қантты көп тұтына бастаған

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Кант тұтыну деңгейі соңғы тоғыз жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті
Қант тұтыну деңгейі соңғы тоғыз жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті / Фото: shutterstock

2026 жылдың II тоқсанында бір адам 5,1 кг-нан астам құмшекер тұтынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға, ал биылғы I тоқсанмен салыстырғанда 11%-ға артық, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Data Hub сарапшыларының мәліметінше, қазіргі көрсеткіш – 2017 жылдың III тоқсанынан бергі ең жоғары деңгей. Десе де оған өте жақын көрсеткіш (5,1 кг-нан сәл ғана аз) 2018 жылдың II тоқсанында тіркелген еді.

Бұл орайда тұтыну көрсеткіші белгілі бір маусымға да байланысты екенін ескерген жөн. Мәселен, жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштер шілде-қыркүйек айларына сәйкес келеді.

Құмшекерден бөлек, рафинад шекерін тұтыну бойынша да мәліметтер бар. Оның көрсеткіші салыстырмалы түрде аз. 2026 жылдың II тоқсанында жан басына шаққанда 97 грамнан келеді.

Дегенмен мұнда да өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23%, ал өткен тоқсанмен салыстырғанда 5%-ға өскен. Бұл 2022 жылдың наурыз айынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанда қант өндіру көрсеткіші күрт төмендеп кеткенін жазған еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында отандық қант зауыттары 9,5 мың тонна өнім шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз