Ким мен Новачукке тиесілі компанияға 100 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
100 млн теңге айыппұл неге салынды / Фото: kursiv.media архиві

Миллиардер Владимир Ким мен Олег Новачукқа тиесілі KAZ Minerals тобына кіретін «Шығыстүстімет» ЖШС жер қойнауын пайдалану салдарын жылдар бойы жоймай келген. Сол үшін компанияға 100 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бұл жайт Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының тексеруі барысында анықталған. Талдау барысында Глубокое ауданында орналасқан «Юбилейно-Снегириха» кен орнында заң бұзылғаны анықталды.

Осыған байланысты «Шығыстүстімет» ЖШС әкімшілік жауапқа тартылып, 100 миллион теңге салынды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, кәсіпорынға тек айыппұл салынбаған, экология департаменті ЖШС-на жер қойнауын пайдалану салдарларын толық жою туралы арнайы ұйғарым берген.

Бұл кеніш негізінен 2018 жылдары жұмысын тоқтатқан. 2024 жылы кеніштің дұрыс көмілмеуінен шахта суы ағып, жақын маңдағы Қарақұжық өзені металл қалдықтарымен ластанған болатын. Сонымен қатар тау жынысы опырылып, үлкен шұңқырлар пайда болған.

«Шығыстүстімет» ЖШС Өскемен қаласында тіркелген. Кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында мыс кенін өндіру және оны өңдеумен айналысады. Компанияның негізгі активтеріне Артемьев, Орлов және Ертіс жерасты кеніштері, сондай-ақ Орлов және Николаев байыту фабрикалары кіреді.

Кәсіпорын мыс, катодты мыс, алтын, күміс және молибден өндіреді.

Меншік иелері мен холдинг құрылымы

Компанияның бас құрылымы – дубайлық KAZ Minerals International FZCO компаниясына тиесілі KAZ Minerals Holding Limited. Ол өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген Trianon Limited құрамына кіреді.

Бизнестің түпкі иесі — Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізіміндегі Владимир Ким (дәулеті 5,9 млрд доллар, рейтингте №2) мен Олег Новачук (дәулеті 388 млн доллар, рейтингте №30).

Сондай-ақ оқыңыз