Қазақстанда шығарылатын Hyundai көліктері арзандай ма – компания жауабы

Қазақстанда Hyundai көліктерінің кей бөлшектері енді ел ішінде өндіріле бастады. Компанияның мәліметінше, елде мультимедиялық жүйе, жылыту және желдету жабдықтары, кілем жабындары мен орындықтар шығарыла бастады. Ал алдағы уақытта сымдар, дыбыс бәсеңдеткіштер, тежеу және отын жүйесінің түтіктері, сондай-ақ алюминий дискілерін жергілікті өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Kursiv.media Finratings.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Hyundai-дың қандай бөлшектері Қазақстанда жасалады
Hyundai көліктері Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығарылады. Кәсіпорын Astana Motors құрамына кіреді.
Қазір мұнда сегіз модель өндіріледі. Олардың қатарында Tucson және Santa Fe бар. Бұл модельдер шанақты дәнекерлеу және бояу технологиялары қолданылатын өндіріс желілерінде шығарылады.
Қазақстанда қазірдің өзінде мультимедиялық жүйелер, жылыту, желдету және кондиционер жүйелерінің элементтері, кілем жабындары мен орындықтар өндіріледі.
Болашақта жергілікті бөлшектер тізімін кеңейту жоспарланған. Бірақ кез келген жаңа компонент көлікке бірден орнатылмайды, алдымен ол тексеріліп, Hyundai Motor Company тарапынан мақұлдануы керек.
Қазақстанда жасалған Hyundai арзандай ма
Компанияның айтуынша, жергілікті өндіріс логистикалық шығынды азайтуға және өндірісті жоспарлауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Локализация сыртқы факторлардың өзіндік құнға әсерін ішінара өтеуге және баға қысымын тежеуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Hyundai.
Алайда бұл көлік бағасы міндетті түрде төмендейді дегенді білдірмейді. Бағаға импорттық бөлшектердің құны, валюта бағамы, шикізат, құрал-жабдық, халықаралық тасымал, салықтар және қауіпсіздік талаптары да ықпал етеді.
Компания жергілікті бөлшектердің үлесін одан әрі арттыру шығындарды бақылауға және шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға көмектесетінін атап өтті.
Hyundai-ға сұраныс жоғары
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 50 868 Hyundai көлігі сатылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15,4%-ға көп.
Компания жоғары сұранысты модельдер қатарының кеңдігімен, бағамен, дилерлік желімен және брендтің танымалдығымен байланыстырады.
Сонымен бірге қазақстандық сатып алушының таңдауы да өзгеріп келеді. Қазір автокөліктің бағасынан бөлек, ай сайынғы төлем, қаржыландыру шарттары, кепілдік, қызмет көрсету құны және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі де ескеріледі.
Қазақстандықтар кроссоверді көбірек таңдайды
Hyundai мәліметінше, қазақстандықтардың арасында кроссоверлерге қызығушылық артып келеді. Бұған кең салон, клиренстің жоғары болуы және көлікті қалада да, ұзақ сапарда да пайдалануға болатын әмбебаптығы әсер етеді.
Мысалы, Hyundai Mufasa моделі Қазақстан нарығына 2025 жылдың қаңтарында шыққан. Ал 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың тамызына дейінгі сатылым қорытындысы бойынша елдегі ең көп сатылған модельдердің алғашқы төрттігіне кірді.
Hyundai-дың өз сатылым құрылымында да өзгеріс бар. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында седандардың үлесі 24% болса, 2026 жылдың осы кезеңінде 18%-ға түскен.
Компания мұны седандарға сұраныс жоғалды дегенді білдірмейтінін атап өтті. Дегенмен кроссоверлердің сатылым үлесі біртіндеп өсіп келеді.
Hyundai алдағы уақытта екі сегментті де дамытпақ. 2027 жылы Elantra мен Tucson модельдерінің жаңа буынын нарыққа шығару жоспарланған.
Тағы да оқыңыз: Мультимедиа, орындық, аккумулятор: Қазақстанда қандай автобөлшектер шығады.