«Бюрократияға жол беруге болмайды»: Тоқаев үкіметке тапсырма берді

Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Жиында президент үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтауды тапсырды.
«Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады», – деді президент.
Сөзінше, жасанды интеллектіні пайдаланып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазір көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады.
«Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ қолданбалы ғылымды күшейтуге шақырды. Президент бұған дейін ЖИ саласына маманданған зерттеу университетін құру туралы шешім қабылданғанын еске салды.
«Qazaq AI Research University жоғары санатты мамандар даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін жетекші алаңдардың бірі болуға тиіс. Оның бүкіл ғылыми-зерттеу бағдарламасы экономикалық дамудың нақты қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Бұл үшін өнеркәсіп саласындағы жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттер тізімін жаңартып отырамыз. Аталған істе бюрократияға жол беруге болмайды. Мұндай міндеттерді өндірістің алдыңғы шебінде жүрген инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар анықтауы қажет», – деді президент.
Бұған дейін президент Qazaq AI Research University (QAIRU) ресми ашылу салтанатына қатысты.