G7 елдері АҚШ қысымынан кейін стратегиялық мұнай қорын нарыққа шығаруға келісті

«Үлкен жетілік» (G7) елдері АҚШ президенті Дональд Трамптың талабынан соң, төтенше резервтен 100 млн баррель дизель отыны мен шикі мұнайды нарыққа шығаруға уағдаласты. Сондай-ақ олар өзара энергия өнімдерінің экспортына шектеу қоймауға уәде берді, деп жазады Reuters.
АҚШ-тың дипломатиялық қысымы
Трамп әкімшілігі Еуропа Одағына төтенше жағдайда пайдаланылатын дизель қорын пайдалану бойынша қысым жасаған. Қордағы дизель нарыққа шықса, отын бағасы арзандайды. Бұл талап орындалмаса, Вашингтон дизель экспортына тыйым салатынын ескерткен болатын. Ал Америка дизеліне тәуелді еуропалық нарық үшін мұндай шектеу ауыр соққы болар еді.
Дегенмен Алабамаға аттанар алдында Трамп Ақ үйде тілшілерге тыйым салу жоспарда жоқ екенін айтты. Ол Еуропаның дизель қоры мол екенін және тараптар міндеттерін толық орындайтынын жеткізді.
«Үлкен жетіліктің» бірлескен мәлімдемесінде мұнай қорына шикізат шығару бірден басталып, төрт айға созылатыны белгілі болды. Алғашқы 20 күн ішінде дизельдің қомақты бөлігі нарыққа түседі.
Ақ үйдің сайлауалды саясаты
Дональд Трамп бұл қадам арқылы қарашада өтетін аралық сайлау алдында жанармай бағасын арзандатуды көздейді.
Сауалнама бойынша оның рейтингі 32 пайызға дейін төмендеген, ал халықты ең алдымен өмір сүру нарқының қымбаттауы мазалайды.
Осыған байланысты Ақ үй отын бағасын арзандату үшін салықтық жеңілдіктерді қарастыратын жаңа жарлық дайындап жатыр.
Нарықтың реакциясы қандай
G7 шешімінен кейін АҚШ-та дизель фьючерстері 3,25 пайызға төмендеп, галлоны 4,49 долларды құраған. Еуропадағы дизель бағасы да тоннасына 5,75 пайызға, яғни 83 долларға арзандады.
Сарапшылар бұл келісімді ресми міндеттемеден гөрі, Трампты экспорттық тыйымнан айныту үшін жасалған саяси қадам деп бағалайды.
Соған қарамастан, қабылданған шешім әлемдік энергия нарығындағы бағаның аздап тұрақтануына ықпал етті.
Бұған дейін Трамп Иранның Ормұз бұғазын ашу және Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады.