Бес жыл халықаралық іздеуде жүрген күдікті Қазақстанға жеткізілді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасалды деген айып тағылған / фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі халықаралық іздеуде болған азаматты шетелден Астана қаласына жеткізді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бес жыл іздеуде болған

Ұсталған азаматқа аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Ол 2021 жылдан бері сот төрелігінен бой тасалап, шетелде жасырынып жүрген.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Арнайы мекеме өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Сонымен бірге азаматтың нақты қай мемлекеттен экстрадицияланғаны ресми түрде аталған жоқ.

Бұған дейін үш жыл халықаралық іздеуде болған экс-шенеунік Испанияда ұсталған.

Күдікті 2020 жылы кеденде қызмет ете жүріп, ақпараттық жүйеге жалған дерек енгізген. Соның салдарынан сегіз шетелдік автокөлік иесі заңсыз түрде кеден баж салығын төлеуден босатылған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 45 миллион теңгеден асқан.

Сондай-ақ оқыңыз