Қазақстан елге кіру үшін ресейліктерден ақы алу жоспарын хабарлаған жоқ – Ресей СІМ-і

Қазақстан ресейліктерден елге кіруге арналған электронды рұқсат үшін ақы алу жоспары туралы хабарлаған жоқ, деп хабарлайды Kursiv.media.
Бұл туралы РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында Ресей Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерник мәлімдеген.
«Бұл мәселе бойынша қазақстандық әріптестерімізден ешқандай хабарлама алған жоқпыз. Сондай-ақ әзірге бұл жөнінде ресми мәлімдемелерді де көрген жоқпыз», — деді дипломат.
Бұған дейін Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логинов хабарлағандай, ел СІМ-нің мәліметінше, ресейліктердің елге кіруіне арналған электронды рұқсат қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Оны алу әзірге ерікті және тегін.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 маусымда көші-қон туралы заңға өзгерістер енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Өзгерістер 25 тамызда күшіне енді. Қазіргі уақытта шетел азаматтарына елге кіруге арналған QazETA электронды рұқсат жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Айта кететін жайт, Тоқаев 28 тамызда Құрылтайға көші-қон, ЖИ және «Алтын виза» туралы заң қабылдауды тапсырды.