Google енді тегін Gemini модельдерін шектейді

Google 9 қазаннан бастап ақылы AI жазылымы жоқ пайдаланушылардың Gemini модельдеріне қолжетімділігін шектейді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Компанияның хабарлауынша, сервистің тегін нұсқасы Flash-Lite моделінде істейтін болады.
Өзгерістер жеке аккаунттарға қатысты. Жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін Flash моделі Google AI Plus жазылымы бар пайдаланушыларға, ал Pro моделі AI Pro және AI Ultra жазылымы бар қолданушыларға қолжетімді болады. Google AI Plus пайдаланушыларына қатысты өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі. Компания олардың нақты мерзімі туралы электронды пошта арқылы хабарлайды.
Сонымен қатар Google қолжетімді модельдер үшін күшейту деңгейінің үш түрін енгізеді: төмен, орташа және жоғары. AI Pro және AI Ultra жазылымы бар пайдаланушылар параллельді ой қорытуға арналған Deep Think режиміне де қол жеткізе алады. Ол күрделірек тапсырмаларды шешуге арналған және көбірек есептеу ресурсын қажет етеді.
Google модельдерге қолжетімділік тәртібінің өзгеру себептерін түсіндірмеді. Жаңа ережелер жеке аккаунттарды пайдалану кезінде Gemini Apps сервисіне қатысты.
Gemini – Google әзірлеген генеративті жасанды интеллект модельдерінің отбасы.
Айта кететін жайт, Google жасанды интеллекті бар жаңа ноутбук шығарған болатын.