Дәрігер қателігі: науқастарға екі жылда 502,6 млн теңге өтемақы берілді

Соңғы екі жылда медициналық қателік немесе емдеу кезінде денсаулығына зиян келтірілген науқастар мен олардың отбасыларына 502,6 млн теңгеден астам сақтандыру төлемі берілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған Kursiv. Media хабарлайды.
Өтемақыны қалай алуға болады?
Егер науқасқа емдеу барысында зиян келсе, науқастың өзі немесе оның жақындары бірден медициналық ұйымға жүгіне алады. Шағымды арнайы тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайды. Оған бейінді мамандар, медициналық қауымдастықтар мен сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Бірақ оқиға болған аурухананың қызметкерлері бұл комиссияға қатыса алмайды.
Сарапшылар тексеру жүргізіп, медициналық қателік немесе зиян келтірілгенін растаса, сақтандыру компаниясы науқасқа тиісті өтемақыны төлейді. Осылайша жәбірленушілер соттасып немесе ақшаны дәрігердің өзінен талап етіп жүрмейді деп ескертеді министрлік.
Жүйенің дәрігерлер үшін де пайдасы зор. Сақтандыру жарнасын аурухананың өзі төлейді, ал жағымсыз жағдай орын алса, өтемақы дәрігердің қалтасынан емес, сақтандыру компаниясы тарапынан төленеді.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, елде 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Олардың 155,8 мыңнан астамы мемлекеттік, ал 22,4 мыңы жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Дәрігер есеп толтырмай, науқасты емдеуі керек – Дана Медеуова