Криштиану Роналду Португалия құрамасына қайта оралуы мүмкін

Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш Криштиану Роналдудың ұлттық құрамаға қайта оралуына жол ашық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media. Оның айтуынша, ендігі шешімді 41 жастағы футболшының өзі қабылдауы керек.
Криш өз өміріне қатысты шешімді өзі қабылдауы керек. Бұл маған байланысты емес. Арамызда түсініспеушілік болды. Меніңше, оны шешу оңай», – деді Жезуш.
Роналду құрамадан неге кетіп қалды?
Роналду қыркүйектің соңында Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынын күтпеген жерден тастап кеткен еді. Бұған дейін Норвегияға қарсы ойында ол алаңға шықпай, кездесуді қосалқы құрамда өткізді. Кейін Жезуш Даниямен матчта да Роналдудың негізгі құрамда болмайтынын айтқан. Осыдан кейін капитан құраманың лагерінен кету туралы шешім қабылдады.
Роналду әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде бұл шешімді Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлескеннен кейін қабылдағанын айтып, мән-жайды кейін түсіндіретінін жеткізді. Осы оқиғадан соң оның ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деген болжамдар тарады.
Алайда Жезуш енді Роналдумен арадағы жағдайды «түсініспеушілік» деп атап отыр. Бапкер футболшы ойнап жүрсе және ұлттық құрамаға оралғысы келсе, қайта шақырылуы мүмкін екенін айтты.
Криштиану Роналду Португалия құрамасының тарихындағы ең көп матч өткізген әрі ең көп гол соққан футболшы. Қазір оның еншісінде ұлттық құрама сапындағы 234 матч және 146 гол бар.