Өткен аптада елде қандай нысандар іске қосылды

Үкімет өткен аптада ел бойынша бірнеше өндіріс орындары ашылғанын хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Боралдайдағы кәсіпорын
Алматы облысының Боралдай ауылында алкагольсіз сусындар шығаратын жаңа кәсіпорын ашылған. Оның құны 344 млн доллар болды, нәтижесінде 230 тұрғын жұмыспен қамтылды. Кәсіпорында қажетті шикізат жергілікті өндірушілерден алынады. Дайын өнім ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жеткізілмек.
СҚО-да кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт жұмысын бастады
Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт жұмысын бастады. 37 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған өндірістік кешенде Еуропа елдерінен әкелінген заманауи жабдықтар орнатылған. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Екінші желі іске қосылған соң 378 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Көкшетауда жаңартылған теміржол вокзалы ашылды
Ғимаратта лифтілер мен эскалаторлар орнатылып, кедергісіз орта қалыптастырылды. Жалпы аумағы 0,75 гектарды құрайтын вокзал маңы аумағы да абаттандырылды. Вокзал 1981 жылы салынған, соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында орындалды. Бағдарлама аясында өңірдегі 16 нысанның барлығы заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Қарағанды облысында электр жүйесінің қуаты арттырылды
Қарағанды облысында 500 кВ «Нұра» қосалқы стансасында екінші автотрансформатор пайдалануға берілді. Жоба өңірдегі электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, қосымша қуат резервін қалыптастыруға, сондай-ақ «Сарыарқа» АЭА кәсіпорындарын қажетті көлемде электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Исатай ауданында алғашқы балабақша ашылды
Исатай ауданының Томан ауылында 80 орынға арналған алғашқы балабақша пайдалануға берілуде. Нысанның құрылысы толық аяқталды. Ғимарат биылғы қараша айында ашылады деп жоспарланып отыр.