Қуандық Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінімен соттасты: сот шешімі

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова мен бұрынғы әйелі Назым Қахарман соттасты. Азаматтық іс сенімгерлік басқаруға берілген нысанға қатысты болды, деп хабарлайды KursivMedia.
Істің мән-жайы
2023 жылдың қарашасында Нұрлыбекова Қахарманға нысанды 2029 жылдың 31 қазанына дейін сенімгерлік басқаруға берген.
Альмира Нұрлыбекова сотқа жүгініп, бұрынғы келінінің нысанды жалға беруден табыс тапқанын, алайда түскен ақшаны бермегенін, есеп бар құжаттар ұсынбағанын мәлімдеген.
Талап арыз сомасы
Сот барысында Нұрлыбекова Назым Қахарманнан шарт міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 14 074 771 теңге, төленген мемлекеттік баж ретінде 247 415 теңге және сотта адвокат ақысы үшін 800 000 теңге өндіріп беруді сұрады.
Назым Қахарман талап етілген соманы негізсіз деп санайтынын айтқан.
Сот шешімі
Азаматтық істі қараған судья Эльмира Есенбаева Альмира Нұрлыбаеваның талап арызын ішінара қанағаттандырды.
«NazKa» жеке кәсіпкерлігінен «Нұрлыбекова Альмира Балтабаевна» ЖК пайдасына 6 665 391 теңге, 66 654 теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ 666 539 теңге өкілдің қызметіне ақы төлеу шығындары өндірілсін», – делінген сот құжатында.
Нұрлыбекова туысымен соттасты
Бұған дейін Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемелованы сотта жеңіп шықты. Қылмыстық іс 2025 жылдың күзінде басталған. Дау 990 мың доллар төңірегінде болды.
Нұрлыбекованың айтуынша, ол 990 000 долларды көк түсті чемоданға салып, туысы Бекзат Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған.
Сот үкімімен Бекзат Кемелова кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталғанның мүлкін тәркілеп, Нұрлыбекованың пайдасына 500 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылдады.
Қуандық Бишімбаев ісі
2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.
Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бақытжан Байжанов 2026 жылдың шілдесінде бостандыққа шықты.