«Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға үй таңдауға тағы 3 ай уақыт берілді

«Наурыз» бағдарламасының төлем қабілеттілігін растаған, бірақ әлі баспана таңдап үлгермеген қатысушылары үшін несие мақұлдау мерзімі ұзартылды. Енді қарыз бойынша шешімнің күші 2026 жылдың 30 желтоқсанына дейін сақталады. Бұл туралы Kursiv.Media Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мүмкіндік наурыз айында іріктеуден өтіп, төлем қабілетін растаған азаматтарға қатысты.
Еске салайық, бағдарламаға өтінім қабылдау 2026 жылғы 10-31 наурыз аралығында өтті. Сәуір және мамыр айларындағы іріктеуден кейін қатысушылардың төлем қабілеті бағаланды.
Бастапқыда төлем қабілеті расталғаннан кейін баспана іздеп, несие рәсімдеуге алты ай уақыт берілген. Енді бұл мерзім ұзартылып отыр.
Қай жерден баспана алуға болады
Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында бағдарлама бойынша тек бастапқы нарықтағы баспананы сатып алуға болады. Оның ішінде «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» кепілдік берген салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер де бар.
Ал өңірлер мен моноқалаларда бастапқы және екінші нарықтағы баспананы, сондай-ақ жеке үйді сатып алуға рұқсат етіледі.
Бастапқы нарықтағы пәтерлерді Baspana Market платформасы арқылы іздеу керек.
«Наурыз» ипотекасының шарттары
- Мөлшерлеме: әлеуметтік осал топтар үшін – 7%, қалған азаматтар үшін – 9%;
- Несие сомасы: Алматы мен Астанада – 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін;
- Мерзімі: 19 жылға дейін;
- Алғашқы жарна: таза әрленген пәтер үшін – кемінде 10%, қарапайым әрлеудегі және екінші нарықтағы баспана үшін – кемінде 20%.
«Наурыз» ипотекасы бойынша ай сайынғы төлем қанша
«Наурыз» ипотекасында бастапқы кезеңдегі төлем көлемі жоғары болады, кейін біртіндеп төмендейді. Алдымен қарыз алушыға алдын ала қарыз рәсімделеді. Кейін ол тұрғын үй қарызына ауыстырылады.
Осыған дейін құрылыс компаниялары «Наурыз» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша ипотекалық лимитті 36 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін көтеруді сұраған. Алайда «Отбасы банк» бұл ұсынысты қолдамаған.