Қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді: Ішкі істер министрі Тоқаевқа баяндама жасады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді: Ішкі істер министрі Тоқаевқа баяндама жасады
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді / фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды.

Қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеді

Ержан Сәденовтың баяндамасына сәйкес, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Нақты айтқанда, 2025 жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңға азайған. Қылмыстың аса ауыр түрлері, сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында құқық бұзушылықтар кеміген.

Президентке өткен жылдары 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғаны айтылды. Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Ержан Сәденов қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік дағдысы орнығып келе жатқанын баяндады. Жұртшылық полицияның Заң мен тәртіпті жүзеге асыруына белсенді түрде көмектеседі. Жыл басынан бері азаматтардың, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілердің ақпараты бойынша 12 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылды.

Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ықпал етіп келеді. Іздеуде жүрген 1039 адам табылып, сырт елдерде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталды.

Жыл басынан бері зардап шеккендерге 49 млрд теңге қайтарылды

Президентке Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылғаны жөнінде айтылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мұндай қылмыстың саны 21 пайызға азайды. Олардың жолын кесу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды.

Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз